Жыл басынан бері «ҚазАвтоЖол» автоматтандырылған өлшеу станциялары салмақ нормаларына қатысты шамамен 870 мың ықтимал заң бұзушылықты тіркеді.
Қазақстан жолдарында көлік салмағына қатысты 870 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды
Қазақстанда жүк көліктерінің шамадан тыс жүктелуі мәселесі өзекті болып отыр. 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның автоматтандырылған өлшеу станциялары көлік құралдарының рұқсат етілген салмағына қатысты 870 мыңға жуық ықтимал заң бұзушылықты тіркеді.
Оның ішінде шамамен 139 мың жағдай салмағы 50 тоннадан асатын көліктерге, 12 мыңға жуық жағдай 100 тоннадан асатын көліктерге тиесілі. Ал шамамен 1 мың көліктің салмағы 200 тоннадан асқан.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, бір рейсте көп жүк тасымалдау кейбір тасымалдаушылардың шығынын азайтуы мүмкін. Алайда шамадан тыс жүктеменің салдары жолдарға түседі. Оның әсерінен жол жамылғысы мерзімінен бұрын тозып, жөндеу жұмыстарына қосымша қаражат қажет болады.
Компания автоматтандырылған өлшеу станцияларының желісін кеңейтуді жалғастырып, уәкілетті мемлекеттік органдармен бірге көліктің белгіленген салмақ және осьтік жүктеме талаптарын сақтауын бақылауда.
Сондай-ақ автоматтандырылған бақылау жүйесін айналып өту әрекеттерінің алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. «ҚазАвтоЖол» жүк тасымалдаушыларды белгіленген талаптарды сақтауға шақырды.
Бұдан бөлек, Алматы — Бішкек автожолында да уақытша шектеу енгізіледі. 2026 жылғы 11 қыркүйектен жыл соңына дейін Қаскелең маңындағы учаскеде биіктігі 4,5 метрден, ені 8 метрден асатын ірі габаритті және ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады. Бұл көлік жолайрығының құрылысына байланысты енгізіліп отыр.
«ҚазАвтоЖол» жаңа жолдарды салумен қатар, олардың ұзақ уақыт сақталуы үшін белгіленген талаптарды орындаудың маңызын атап өтті.
Конференция , Алматы
Комментарии
Оставить комментарий